Apple Fitness+ және құпиялылық

Apple Fitness+ сервисіндегі контентпен танысып шыққан кезде, Apple компаниясы сервисті жақсарту үшін Fitness+ қолданбасындағы шолу әрекеттеріңізді пайдалануы мүмкін. Шолу және жаттығу туралы деректер кездейсоқ идентификатормен байланыстырылады. Сізге хабарландырулар жіберу үшін аккаунтыңыз, жазылым күйі және жаттығу туралы деректер пайдаланылуы мүмкін.
 

Apple Fitness+ сервисі жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.


Privacy Icon

  • Fitness+ сервисіндегі контентпен танысып шыққан кезде, Apple компаниясы шолу әрекеттеріңіз, соның ішінде қандай жаттығу үзінділерін қарағаныңыз және қолданбаға қызығушылықты қандай маркетингтік науқандардың тудырғаны туралы ақпаратты жинайды. Бұл ақпарат Apple аккаунтыңызбен байланысты емес кездейсоқ өзгермелі идентификатормен байланыстырылады және сервисті жақсарту үшін пайдаланылады.
  • Егер сервиске жазылсаңыз, біз сервис жұмысын қамтамасыз ету, сізге маркетингтік материалдарды жіберу және App Store, Apple News және «Акциялар» қолданбасында (қолжетімді болса) тиісті жарнамалар көрсету үшін Apple аккаунтыңызбен байланыстырылған жазылым күйі туралы ақпаратты пайдаланамыз. Fitness+ сервисін қалай пайдаланатыңыз туралы деректер кездейсоқ идентификатормен сақталады. Ол тек Fitness+ сервисінде пайдаланылады және Apple аккаунтыңызбен байланысты емес.
  • Егер «Фитнес» қолданбасында «Белсенділік деректерін бөлісу» функциясын қоссаңыз, Fitness+ сервисіндегі жаттығу және белсенділік туралы деректер достарыңызға жіберіледі. Сондай-ақ Apple компаниясы бұл деректерді сіз таңдаған адамдармен не сервистермен қауіпсіз түрде бөлісе алуы үшін, бұл деректер Apple компаниясына да жіберіліп, онда қысқа уақытқа сақталады. Бұл деректерге мыналар жатады: белсенді калория немесе килоджоуль, жаттығу минуттары, денені жазу немесе қозғалыс кезіндегі сағаттар және уақыт белдеуі туралы, сондай-ақ жаттығу атауы, түрі мен ұзақтығы туралы ақпарат.

Apple Fitness+ кәсіби жаттықтырушылар басқаратын жаттығулар мен медитациялардан тұратын фитнес және сауықтыру сервисі болып табылады.

Apple Fitness+ сервисіндегі белсенділік

Apple компаниясы iOS, iPadOS, watchOS және tvOS жүйелеріндегі «Фитнес», «Жаттығу» және «Зерделілік» қолданбаларында сіз өзара әрекеттесетін Fitness+ контенті туралы ақпаратты жинайды. Apple компаниясы, сонымен қатар Fitness+ қойындысындағы әрекеттеріңіз туралы ақпаратты (мысалы, сіз қарайтын беттер, сіз пайдаланатын функциялар және құрылғы түрі, хабарландырулармен әрекеттесуіңіз және қойындыға кіруге немесе одан шығуға әкелген әрекеттер (мысалы, Fitness+ сервисіне сыртқы сілтеме арқылы өту немесе Apple Music сілтемесіне өту арқылы қойындыдан шығу)) жинайды. Егер Apple Fitness+ қойындысына маркетингтік науқан шеңберінде (мысалы, эл. пошта немесе сандық жарнама арқылы) ұсынылған сілтеме арқылы өткен болсаңыз, Apple компаниясы осы маркетингтік науқанды жарнама жеткізушісімен байланыстыру және маркетингтік науқандарды жақсарту үшін осы науқан туралы ақпаратты жазып алады. Егер жазылсаңыз, Apple компаниясы жазылымыңыз туралы ақпаратты, сондай-ақ белгілі бір демографиялық ақпаратты, соның ішінде жынысыңыз (атыңыз бен Apple аккаунтыңыздағы сәлемдесуіңіз сияқты ақпарат негізінде анықталуы мүмкін) және жас аралығы туралы ақпаратты жинайды.

Apple Fitness+ сервисі бұл ақпаратты Apple аккаунтыңызбен байланысты емес кездейсоқ өзгермелі идентификатормен байланыстырып сақтайды және оны Apple Fitness+ сервисін жақсарту үшін пайдаланады.

Apple Fitness+ жаттығулары мен медитациялары

Apple Fitness+ сервисіне жазылмас бұрын жаттығулар мен медитациялардың кейбір түрін сынап көруге болады. Осы алдын ала жазылым бойынша жаттығулар мен медитацияларды орындаған кезде, Apple компаниясы жаттығулар мен медитациялардың атаулары, жаттықтырушылар, сіз орындайтын жаттығулар саны және Apple Fitness+ сервисіне жазылымыңыздың бар-жоғы туралы ақпаратты жинайды. Біз бұл ақпаратты пайдаланушыларды қызықтыратын контентті түсіну және Apple Fitness+ сервисін оңтайландыру және жақсарту үшін жинаймыз.

Apple бұл ақпаратты Apple аккаунтыңызбен байланыстырылмайтын жиынтық түрінде сақтайды.

Fitness+ сервисіне жазылымды сатып алғаннан кейін, Fitness+ сервисі арқылы жаттығу немесе медитация жасаған кезде, Apple компаниясы сеанс туралы ақпаратты, сеансқа қатысты әрекеттеріңіз, оның ішінде сеанс ұзақтығы, ойнату және кідірту сияқты навигациялық әрекеттер туралы ақпаратты, сеанстың қаншалықты аяқталғаны туралы деректерді, сеанстың аудио немесе видео түрінде болғаны туралы ақпаратты, тіл реттеулері, сеанстың жүктеп алынғаны немесе трансляция арқылы қаралғаны туралы ақпаратты, сондай-ақ AirPlay немесе «Сурет ішіндегі сурет» функциясының пайдаланылғаны туралы ақпаратты жинайды. Егер басқа пайдаланушылармен бірге жаттығу жасау үшін SharePlay функциясын пайдалансаңыз, Apple компаниясы жаттығуды SharePlay сеансы барысында жасайтыныңыз және сеансқа қатысқан құрылғылар саны туралы ақпаратты жинайды. SharePlay сеансына қатысушылардың жеке басын анықтайтын ақпарат жиналмайды.

Егер «Fitness+ қолданбасын жақсарту» реттеуін қосуды таңдасаңыз, Apple компаниясы сіз ойнатқан жаттығулардың немесе медитациялардың атаулары мен жаттықтырушылары туралы деректерді жинайды.

Бұл деректердің барлығы тек Apple Fitness+ сервисінде пайдаланылатын және Apple аккаунтымен байланыстырылмаған кездейсоқ әрі үнемі өзгеріп тұратын идентификатормен сақталады. Apple компаниясы бұл ақпаратты сервис жұмысын қамтамасыз ету және жақсарту үшін пайдаланады.

iCloud сервисімен синхрондау

Ыңғайлы болу үшін Apple Fitness+ сервисі жұмысын барлық құрылғыңызда синхрондау мақсатында iCloud сервисін пайдаланады. Мысалы, Fitness+ сервисі iCloud сервисін жаттығу немесе медитация бойынша нәтижелеріңізді барлық құрылғыңыздың арасында синхрондау үшін пайдаланады. Бұл функцияны кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін iOS немесе iPadOS құрылғысында «Реттеулер» > [атыңыз] > «iCloud» > «iCloud сервисінде сақтау» > «Барлығын көру» тармағына өтіп, «Fitness+» реттеуін түртіп өшіріңіз.

Жағылған калория шкаласы

Жағылған калория шкаласы сіздің жаттығу өнімділігіңізді осы жаттығуды жасаған басқа пайдаланушылардың өнімділігімен салыстыруға мүмкіндік береді. Егер «Жағылған калория шкаласы» функциясын қоссаңыз, Apple компаниясы жаттығуға жағылған калория шкаласын қосу үшін MET (метаболиттік эквивалент) мәнін анонимді түрде сақтайды. Бұл мән Apple аккаунтыңызбен немесе басқа Apple Fitness+ деректерімен байланыстырылмайды. Жағылған калория шкаласын кез келген уақытта жаттығу реттеулерінде жаттығуды аяқтау арқылы өшіруге болады.

Белсенділік деректерін бөлісу

Егер «Фитнес» қолданбасында «Белсенділік деректерін бөлісу» функциясын қоссаңыз, Fitness+ сервисіндегі жаттығу және белсенділік туралы деректер достарыңызға жіберіледі. Сондай-ақ Apple компаниясы бұл деректерді сіз таңдаған адамдармен не сервистермен қауіпсіз түрде бөлісе алуы үшін, бұл деректер Apple компаниясына да жіберіледі. Бұл деректерге мыналар жатады: белсенді калория немесе килоджоуль, жаттығу минуттары, тұру немесе қозғалыс кезіндегі сағаттар және уақыт белдеуі туралы, сондай-ақ жаттығу атауы, түрі мен ұзақтығы туралы ақпарат. Apple компаниясы жаттығу мен белсенділік туралы деректерді қысқа уақыт ішінде сақтайды және оларды «Белсенділік деректерін бөлісу» функциясының жұмысын қамтамасыз ету үшін пайдаланады. Егер сіз iOS 18 не одан кейінгі немесе watchOS 11 не одан кейінгі нұсқасын пайдалансаңыз, болмаса жаттығулар мен белсенділік туралы деректеріңізді iOS 18 не одан кейінгі немесе watchOS 11 не одан кейінгі нұсқасын пайдаланатын досыңызбен бөліссеңіз, ол деректеріңіз Apple компаниясы оқи алмайтын өтпелі шифрлаумен қорғалады.

Apple Music

Apple Fitness+ плейлисттері Apple Music сервисінде қолжетімді. Егер плейлистті Apple Music сервисінде тыңдау опциясын түртсеңіз, қолданбаға бағытталасыз. Қолданбадағы барлық әрекетіңізге www.apple.com/legal/privacy/data/kz/apple-music сайтындағы «Apple Music және құпиялылық» ережелері қолданылады. Мысалы, Apple компаниясы плейлисттеріңіздің атауларын біле алатын болады және соның арқасында қандай жаттығуларды орындағаныңыз белгілі болады. Ал егер плейлисттеріңізді Apple Music сервисіндегі достарыңызбен бөліссеңіз, бұл ақпаратты достарыңыз да білетін болады.

Үшінші тараптармен бөлісу

Apple Fitness+ сервисіне қатысы бар стратегиялық серіктестеріміз (мысалы, дыбыс жазу компаниялары) өздерінің шығармашылық жұмысының өнімділігін бағалай алуы, қаламақы және бухгалтерлік есеп бойынша талаптарды орындай алуы және өнімдер мен қызметтерді жақсарта алуы үшін, біз оларға осы сервисте ойнатылған әндер туралы жеке басыңызға қатысы жоқ кейбір деректі беруге міндеттіміз.

Кері байланыс

Fitness+ сервисіндегі жаттығу бойынша жекелендірілген ұсыныстар құрылғыдағы жасанды интеллект технологиясының көмегімен жасалады, сондықтан Apple компаниясына жаттығу тарихын сақтау қажет емес. Мысалы, сізге ұнайтын жаттықтырушылар мен жанрлар және мүгедектер арбасының пайдаланушысы екендігіңіз сияқты құрылғыдағы ақпарат сізге сәйкес жаттығу жоспары ұсыныстарын жасау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Apple компаниясы сізге Apple Fitness+ туралы ақпаратты және сізді қызықтыруы мүмкін басқа да Apple өнімдері, сервистері және ұсыныстары (оның ішінде Apple One) туралы ақпаратты жіберу үшін аккаунтыңыз туралы ақпаратты (мысалы, сізде бар Apple өнімдері және Apple сервистеріне жазылымдар) пайдалануы мүмкін. Құрылғының сериялық нөмірі сізге сәйкес сервистік ұсыныстарды беру үшін пайдаланылуы мүмкін. «Отбасының мүшесі болсаңыз, Apple компаниясы «Отбасылық қол жеткізу» аясында өнімдер, сервистер және ұсыныстар туралы ақпарат жіберуі мүмкін. Apple One жазылымын алсаңыз, сіз жазылған сервистерде қолжетімді функциялар туралы эл. хаттар мен хабарландырулар жіберуіміз мүмкін. Apple Fitness+ сервисі қолжетімді жаңа функциялар, контент және ұсыныстар туралы хабарландырулар жіберуі мүмкін. iOS немесе iPadOS құрылғысында хабарландыру параметрлерін жаңарту үшін «Реттеулер» > «Хабарландырулар» > «Фитнес» тармағына өтіңіз.

Жарнама

Егер «Жеке жарнамалар» реттеуі қосулы болса, Apple жарнама платформасы App Store, Apple News және «Акциялар» қолданбасында тиісті жарнамаларды көрсету үшін Fitness+ жазылым күйі туралы ақпаратты (мысалы, Apple One арқылы жазылғаныңыз туралы ақпаратты) пайдалануы мүмкін.

Apple жарнама платформасынан қызығушылықтарыңызға негізделген жарнамалар алғыңыз келмесе, «Жеке жарнамалар» параметрін өшіруге болады. «Жеке жарнамалар» параметрін өшірсеңіз, Apple компаниясы ақпаратыңызды таргеттелген жарнама үшін пайдалана алмайды. Бұдан көрсетілетін жарнамалар саны азаймайды, бірақ сізге қатыссыз жарнамалар көрсетілуі мүмкін. «Жеке жарнамалар» функциясын өшіру үшін iOS немесе iPadOS құрылғысында «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Apple жарнамасы» тармағына өтіп, «Жеке жарнамалар» параметрін өшіріңіз. Mac компьютерінде System Settings (Жүйе реттеулері) > Privacy & Security (Құпиялылық және қауіпсіздік) тармағына өтіп, Apple Advertising (Apple жарнамасы) бөлімін таңдаңыз, содан кейін Personalized Ads (Жеке жарнамалар) опциясын таңдаудан алыңыз.

Apple жарнамасы мен құпиялылығы туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына сілтемеге өтіңіз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/apple-advertising. App Store, Apple News және «Акциялар» қолданбасындағы дербес жарнамалардан бас тарту әдісі туралы мына сілтемеден біліңіз: support.apple.com/105131.

Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Сондай-ақ біз алаяқтық пен басқа зиянды әрекеттердің алдын алу үшін жеке деректерді жинаймыз. Сатып алу кезінде, құрылғыны қалай пайдаланатыныңыз туралы ақпаратты, оның ішінде кіріс және шығыс телефон қоңырауларының немесе эл. хаттардың болжалды санын пайдалана отырып, құрылғыңыздағы құрылғының сенімділік индексін есептейміз. Индексті жіберген кезде, Apple компаниясына осы индексті есептеуге негіз болған мәндер берілмейді. Сенімділік индексі серверлерімізде белгілі бір уақыт ішінде сақталады. Fitness+ жазылымыңыз автоматты түрде жаңартылатын болса, Apple компаниясы сұрауды өңдеу және жазылымыңызға үздіксіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттігін төлем жасау бойынша серіктестің рұқсатын күтпей анықтау үшін онымен іскерлік өзара әрекеттестігіңіздің тарихы туралы ақпаратты да пайдалануы мүмкін.

Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз

Біз Apple Fitness+ сервисінде жеке деректеріңізді әдетте Apple компаниясымен келісімшартты орындау, қызмет көрсету үшін қажет болған жағдайда және заңды міндеттемелерімізді орындау үшін өңдейміз. Келісім тиісті заңды негізге сүйенсе, біз оны қолданыстағы жергілікті заңға сәйкес іздейміз.

Қолданыстағы жергілікті заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз немесе үшінші тараптың мүдделері үшін қажетті жеке деректердің келесі санаттарын мына мақсатпен өңдейміз:

  • Сізге және басқаларға арналған Apple Fitness+ сервисін жақсарту
  • Сізге Apple Fitness+ және сізді қызықтыруы мүмкін басқа да қатысты Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары туралы ұсыныстар алуға жарамдылығын тексеру және хабарламалар жіберу
  • Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Пайдаланылған деректер мыналарды қамтиды:

  • Apple сервистеріне жазылымдар, иелігіңіздегі Apple өнімдері және «Отбасылық қол жеткізу» тобында бар-жоғыңыз
  • Құрылғыңыз бен аккаунтыңыз туралы мәліметтер
  • Құрылғының сенім көрсеткіші

Деректерді сақтау

Apple компаниясы транзакцияларыңызбен байланысты жеке деректерді белгілі бір уақыт ішінде сақтайды. Сақтау мерзімі ұйымдық талаптарға, шарттық міндеттемелерге немесе заңнама ережесіне байланысты болады. Жазылымды сатып алу тарихы сияқты (сақталған карта мәліметтерінен басқа) деректер тіпті аккаунтыңызды жапқаннан кейін немесе Apple Fitness+ жазылымынан бас тартқаннан кейін де бухгалтерлік жазбаларда сақталуы мүмкін.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді.

2026-10-26