-
Apple аккаунты және құпиялылық
-
Apple аккаунты туралы ақпарат жүйеге кіру кезінде Apple сервистерін, соның ішінде «iCloud сақтық көшірмесі» функциясын қосу үшін қолданылады. Бұл құрылғыңыздағы деректерді қажет болған жағдайда ауыстыруға немесе қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Құрылғының сериялық нөмірі сізге сәйкес сервистік ұсыныстарды беру үшін пайдаланылуы мүмкін.
Apple аккаунты жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет нәрселерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

-
- Жүйеге Apple аккаунтыңызбен кірген кезде сіз осы iPhone құрылғысында iCloud, App Store, iMessage және «Локатор» сияқты сервистерді іске қосасыз.
- Кейбір деректер, соның ішінде контактілер, күнтізбелер, фотолар, құжаттар, денсаулық, белсенділік және басқа да қолданба деректері Apple компаниясына деректерді сіздің атыңыздан сақтау және сақтық көшірмесін жасау үшін жіберіледі.
- Оған қоса сервис пен қолдау көрсету сапасын жақсарту мақсатында құрылғыңыз Apple аккаунтыңызбен байланыстырылады.
Apple аккаунтыңыз және барлық Apple сервисі ең басынан құпиялылығыңызды қорғауға арналған. Біз ұсынатын сервистерді жақсарту үшін тек қажетті деректерді жинауға бар күшімізді саламыз. Саналы шешім қабылдауыңыз үшін, деректерді жинаған кезде оларды жинау туралы, сондай-ақ жинау себебі туралы хабардар етеміз.
Apple аккаунты — iCloud сервисі, App Store және басқа да Apple интернет дүкендері, iMessage, FaceTime сияқты Apple сервистеріне, сондай-ақ барлық құрылғыңызда және интернетте контентіңізге қол жеткізу үшін пайдаланылатын жеке аккаунт. Apple аккаунтыңыз жүйеге кіру үшін пайдаланылатын ақпаратты және контактілердің барлық ақпаратын, төлем ақпаратын және Apple сервистері үшін пайдаланылатын қауіпсіздік мәліметтерін (мысалы, сенімді телефон нөмірлері немесе бақылау сұрақтары) қамтиды. Apple компаниясы сервис пен қолдау көрсету сапасын жақсарту, оның ішінде ыңғайлылық үшін құрылғыға қатысты кепілдік туралы ақпаратты көрсету, сондай-ақ құрылғыны белсендірген соң сервис бойынша ұсыныстардың қолжетімділігін тексеру мақсатында құрылғы атауын, сериялық нөмірін және басқа да аппараттық идентификаторларды сақтайды. Apple аккаунтыңыз туралы ақпаратты өңдеу және құрылғыларыңыз бен телефон нөмірлеріңіздің тізімін көру үшін Apple аккаунтыңыздың веб-бетіне (account.apple.com) кіріңіз.
Жүйеге Apple аккаунтыңызбен кірген кезде сіз осы iPhone құрылғысында iCloud, App Store, iMessage, FaceTime және «Локатор» сияқты сервистерді іске қосасыз. Apple аккаунтыңыз туралы, оның ішінде телефон нөміріңізбен байланысты ақпарат пайдаланылады, бұл осы сервистерді қолдау және жақсарту үшін әр сервиспен қолданылуы мүмкін аналитикалық деректерді жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылғыңыздағы кейбір деректер, соның ішінде таңдалған профиль фотосы, контактілер, күнтізбелер, фотолар, құжаттар, денсаулық, белсенділік, Safari қойындылары және басқа да қолданба деректері Apple компаниясына деректерді сіздің атыңыздан сақтау және сақтық көшірмесін жасау үшін жіберіледі.
Apple компаниясы Apple аккаунтыңызбен байланысты, оның ішінде құрылғыңыз орналасқан елге немесе аймаққа байланысты белгілі бір заңды түрде талап етілетін сервистер мен функциялар үшін жарамдылығы туралы ақпаратты жинайды. Сондай-ақ Apple аккаунтыңызбен байланысты сіз орнататын қолданбалар, соның ішінде олардың қай жерден орнатылғаны (мысалы, веб-сайт немесе қолданбалар дүкені) туралы ақпаратты заңды түрде талап етілетін осы функциялар мен сервистерді іске қосуға байланысты есептілік, есеп беру, аналитика және алаяқтықты анықтау мақсатымен жинаймыз. Оған қоса біз Apple аккаунтыңызда көрсетілген жасыңыз туралы ақпаратты біздің міндеттемелерімізді орындау мақсатында, соның ішінде белгілі бір жағдайларда құпиялылық құқықтарыңыз туралы жасыңызға сәйкес ақпарат беру үшін пайдаланамыз.
Кейбір елдерде немесе аймақтарда ересек екеніңізді растау үшін сізден несиелік карта немесе мемлекеттік орган берген жеке куәлік сияқты қосымша ақпарат беру талап етілуі мүмкін. Осы талаптарға сай келетін елде немесе аймақта екеніңізді анықтау үшін біз аккаунт ақпараты мен құрылғыдағы технологияны, ал кей жағдайларда интернет қосылымыңыздың IP мекенжайын пайдаланамыз. Сізге App Store дүкенінен қолданбаларды жүктеп алу, «Веб-контент сүзгілері» және «Байланыс қауіпсіздігі» сияқты онлайн қауіпсіздік функцияларын өшіру және кәмелетке толмаған бала үшін Apple аккаунтын жасау сияқты белгілі бір әрекеттерді орындауға мүмкіндік беру үшін, заңды түрде қажет болған жағдайда, жасты растайтын қосымша ақпарат сұраймыз. Apple аккаунтыңызбен байланысты күн, әдіс және ел немесе аймақ туралы жасты растайтын ақпаратты сақтаймыз. Егер құжатты сатып алулар немесе Wallet қолданбасындағы цифрлық кіру деректерін пайдалану сияқты басқа мақсатпен сақтауға келісім бермеген болсаңыз, құжаттың өзін сақтамаймыз.
iCloud және құпиялылық
iCloud сервисіне кіру
iCloud сервисін пайдаланған кезде, құрылғыңызда сақталған белгілі бір деректер автоматты түрде Apple компаниясына сақтауға жіберіледі. Соның арқасында iCloud сервисі қосылған барлық құрылғыңыздағы немесе компьютеріңіздегі (бірге «құрылғылар» деп аталады) деректерге автоматты түрде қол жеткізуге болады. Бұл деректерге мыналар жатады:- Контактілер
- Күнтізбелер
- Еске салғыштар
- Бетбелгілер
- Safari қойындылары
- «Денсаулық» қолданбасының деректері
- «Үй» қолданбасының деректері
- Жазбалар
- Freeform
- Фотолар
- Apple Vision Pro қолданбасы
- Құжаттар
- Wallet деректері
- Кілттер жинағы және құпиясөздер
- Құрылғыңыздағы телефон нөмірі
- Құрылғы және аккаунт реттеулері
- iCloud сервисін пайдаланатын басқа Apple қолданбаларынан деректер
- iCloud сервисін пайдаланатын үшінші тарап қолданбаларының деректері
Сондай-ақ құрылғыдағы деректердің ағымдағы сақтық көшірмесін жасап отыру үшін «iCloud сақтық көшірмесі» функциясы қосылады. Бұл деректерді қажет болған жағдайда ауыстыруға немесе қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Қосу қажет iCloud функцияларын және iCloud сервисіне жіберілетін деректерді кез келген уақытта құрылғыңыздың «Реттеулер» бөлімінде реттеуге болады.
iCloud деректерінің қауіпсіздігі
iCloud сервисі ақпаратты тасымалдау және iCloud сервисінде сақтау кезінде шифрлау арқылы қорғайды және аутентификация үшін қауіпсіз токендерді пайдаланады. Apple компаниясы белгілі бір ақпарат үшін өтпелі шифрлау әдісін пайдаланады. Соның арқасында бұл ақпаратқа тек сіз және тек iCloud сервисіне кірген құрылғылардан қол жеткізе аласыз. Өтпелі шифрлау әдісімен қорғалған ақпаратқа басқа ешкім, тіпті Apple компаниясы да қол жеткізе алмайды. iCloud деректерінің қауіпсіздігі туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына сілтемені қараңыз: support.apple.com/102651.Apple компаниясы және деректерді өңдейтін үшінші тарап орталықтары деректеріңізді сақтау және өңдеу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Деректерді өңдейтін үшінші тарап орталығында сақталған деректерді өңдеген кезде, шифрлау кілттеріне қауіпсіз серверлерде жұмыс істеп тұрған Apple бағдарламалық жасақтамасы ғана маңызды өңдеу процесін орындау кезінде ғана қол жеткізеді.
iCloud кілттер жинағы
iCloud кілттер жинағы Safari веб-сайтындағы пайдаланушы аттары мен құпиясөздерді, несиелік карта және Wi-Fi желісі туралы ақпаратты барлық құрылғыңызда жаңартылған және қолжетімді күйде сақтайды. Сондай-ақ онда «Пошта», «Контактілер», «Күнтізбе», «Хабарлар», Facebook, X, LinkedIn және басқа да интернет аккаунттары үшін пайдаланылатын аккаунт туралы ақпарат сақталуы мүмкін. Бұл ақпарат барлық құрылғыңызға автоматты түрде қосылады.iCloud кілттер жинағы өтпелі шифрлау әдісін пайдаланады. Соның арқасында бұл ақпаратқа тек сіз және тек iCloud сервисіне кірген құрылғылардан қол жеткізе аласыз. iCloud кілттер жинағы туралы деректерге басқа ешкім, тіпті Apple компаниясы да қол жеткізе алмайды. iCloud кілттер жинағын кез келген уақытта iCloud реттеулерінде өшіруге болады.
iCloud сақтық көшірмесі
«iCloud сақтық көшірмесі» функциясын пайдаланған кезде, сақтық көшірмеге фотолар, видеолар, хабарлар (iMessage, SMS және MMS хабарлары), «Денсаулық» қолданбасының және басқа қолданба деректері, геолокация реттеулері (мысалы, геолокацияға негізделген әрі бапталған еске салғыштар), визуалды дауыстық пошта, құрылғы реттеулері, құрылғы сипаттамалары және реттеулерге байланысты iOS немесе iPadOS құрылғыңыздағы басқа деректер кіруі мүмкін.Белгілі бір қолданбалар үшін iCloud сақтық көшірмесін өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» > «iCloud» > «Сақтау орны» > «Сақтық көшірмелер» тармағына өтіңіз, содан кейін «Сақтық көшірме» бөлімінде iOS немесе iPadOS құрылғыңызды таңдап, қолданба деректерінің сақтық көшірмесі қажет емес белгілі бір қолданбаларды түртіңіз.
iCloud реттеулерінде iCloud сақтық көшірмесін толығымен өшіруге болады және iOS немесе iPadOS құрылғыңыздың сақтық көшірмесін компьютеріңізде жасау үшін Finder (macOS Catalina 10.15 немесе одан кейінгі нұсқасы) немесе iTunes (macOS Mojave 10.14 немесе алдыңғы нұсқасы) қолданбасын пайдалануға болады. Егер сақтық көшірме деректерін iCloud сервисінен толық жойғыңыз келсе, «iCloud сақтық көшірмесі» функциясын өшірмес бұрын, жекелеген сақтық көшірмелерді жойыңыз. Олай істемеген жағдайда сақтық көшірме деректері 180 күнге дейін сақталады.
Деректерді iCloud сервисімен бөлісу
Егер iCloud сервисін «Жазбалар», Pages, Numbers, Keynote, Freeform қолданбаларында және кейбір үшінші тараптық қолданбаларда файлдарды ашық немесе құпия түрде бөлісу үшін пайдалансаңыз, Apple компаниясы бұл файлдарды сақтайды және оларға қол жеткізе алатын болады. Бөлісу әдісі жеке немесе жалпыға қолжетімді болғанына қарамастан, ортақ сілтемеге қол жеткізе алатын кез келген адам аккаунтыңызбен (қолданылатын болса) байланысты аты-жөніңізді, құрылғыңыздағы телефон нөміріңізді және файл атауын көре алады. Егер қол жеткізу шектеулі болса, қатысушылардың жеке басын анықтайтын ақпарат тек шақырылған және сол шақыруды қабылдаған пайдаланушыларға қолжетімді болады.Ортақ медиатека құрған кезде немесе ортақ медиатекаға қосылған кезде, оның барлық қатысушысы iCloud арқылы ортақ медиатекаға фотолар мен видеоларды қоса, өңдей немесе жоя алады. Ортақ медиатекаға контент қосудың бірнеше жолы бар: қолмен немесе автоматты түрде бөлісу. iOS немесе iPadOS құрылғысында «Реттеулер» > «Фотолар» > «Ортақ медиатека» > «"Камера" қолданбасынан бөлісу» тармағына өтіп, контентті бөлісу тәсілін басқаруға болады.
iCloud және қолданбалар
Кейбір қолданбалар енгізілген деректер мен контентті сақтау үшін iCloud сервисін пайдаланады, сондықтан бұл деректерге iCloud сервисі қосылған барлық құрылғыңыздан қол жеткізуге болады. Қолданба iCloud сервисіне бұл деректің барлығын немесе бір бөлігін ғана сақтауы мүмкін. Үшінші тарап қолданбалары сізден деректеріңізді көруге рұқсат сұрауы мүмкін, сонда қолданбаның басқа пайдаланушылары Apple аккаунты арқылы іздеген кезде аты-жөніңізді көре алады.Қолданбаға деректерді iCloud сервисінде сақтауға тыйым салуға болады. Ол үшін қолданбаның iCloud сервисіне қол жеткізу опциясын өшіріңіз. Ол үшін «Реттеулер» > [атыңыз] > iCloud тармағына өтіп, тізімде көрсетілген қолданбаларды өшіріңіз.
iCloud сервисін қажет ететін Apple сервистері
Apple Pay, «Белсенділік деректерін бөлісу», «Үй», Handoff, «Әмбебап аралық сақтағыш» және «Apple Watch сағатымен құлыпты ашу» сияқты Apple сервистерін пайдалану үшін құрылғыңызда iCloud сервисіне кіруіңіз қажет. Apple компаниясы «Үй» қолданбасындағы «Қауіпсіз видеобақылау» функциясын баптауға және пайдалануға құқығыңыздың бар-жоғын тексеру үшін iCloud тарифтік жоспарын пайдаланады. Apple компаниясы камераңыздың видеожазбаларындағы контентке қол жеткізе алмайды. Кейбір iCloud функцияларын пайдалану қажет болмаса, құрылғыңыздағы iCloud реттеулерінде пайдаланғыңыз келмейтін iCloud функцияларын өшіріп қоюға болады.iCloud сервисінен шығу
Егер iOS немесе iPadOS құрылғыңызда және жұптастырылған Apple Watch сағатында iCloud сервисін пайдаланғыңыз келмесе, iCloud сервисінен шығуға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» тармағына өтіп, «Жүйеден шығу» түймесін түртіңіз. Mac компьютерінде iCloud сервисін пайдаланғыңыз келмесе, System Settings (Жүйе реттеулері) > «[атыңыз]» тармағына өтіп, Sign Out (Шығу) түймесін басыңыз. Apple аккаунтыңыздың құпиясөзі қажет болуы мүмкін.Кері байланыс
Apple компаниясы аккаунтыңыз туралы ақпаратты (мысалы, Apple өнімдеріңіз, сіз жүктеп алатын Apple қолданбалары, аккаунтыңызға тіркелген құрылғылар және сіз жазылған Apple сервистері, сондай-ақ сіздің оқушы ретінде расталған-расталмағаныңыз) iCloud және сізге ұнауы мүмкін басқа Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары, соның ішінде Apple One жөнінде ақпарат жіберу үшін пайдалануы мүмкін. Құрылғының сериялық нөмірі сервистік ұсыныстар алуға жарамдылықты тексеру үшін пайдаланылуы мүмкін. «Отбасылық қол жеткізу» функциясын пайдалансаңыз, Apple компаниясы «Отбасылық қол жеткізу» аясында өнімдер, сервистер және ұсыныстар туралы ақпарат жіберуі мүмкін. Apple One жазылымын алсаңыз, сіз жазылған сервистерде қолжетімді функциялар туралы ақпаратты жіберуіміз мүмкін. Apple осы байланыстарды және сервистерімізді жақсарту мақсатында Apple аккаунтыңызбен байланысты Apple One байланыстарымен өзара әрекеттесуіңіз туралы ақпаратты жинайды.
Эл. пошта арқылы жарнамалық хабарлар тарату
Эл. пошта арқылы жарнамалық хабарлар алуға келіссеңіз, бұл ақпаратты эл. пошта арқылы алуға болады. Эл. пошта параметрлерін өзгертуге және осы эл. хаттарды алудан бас тартуға болады. Ол үшін account.apple.com сайтына өтіңіз немесе iOS не iPadOS құрылғыңызда «Реттеулер» > [атыңыз] > «Жеке ақпарат» тармағына өтіңіз.Хабарландырулар
Сондай-ақ бұл ақпаратты хабарландырулар арқылы алуыңыз мүмкін. iOS немесе iPadOS құрылғыңызда хабарландыру параметрлерін жаңарту немесе хабарландырулардан бас тарту үшін «Реттеулер» > «Хабарландырулар» тармағына өтіңіз.Отбасылық қол жеткізу
Отбасылық қол жеткізу сізге және отбасы тобының мүшелеріне жазылымдарды, сатып алуларды және геолокацияны бөлісуге мүмкіндік береді. Отбасы ұйымдастырушысы осы отбасы тобындағы балалар мен жасөспірімдер үшін «Сатып алу сұрауы» және «Экран уақыты» сияқты ата-ана бақылауын баптай алады. Отбасы тобының мүшесі Apple TV сияқты кейбір Apple құрылғыларына қол жеткізсе, құрылғы Apple аккаунтының атын және профиль суретін көрсету арқылы отбасының басқа мүшелерін қосуды сұрауы мүмкін. Отбасылық қол жеткізу туралы қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/kz/family-sharing мекенжайына өтіңіз.
tvOS және басқа өндірушілердің теледидарларындағы Apple TV қолданбасының профильдері
tvOS жүйесіндегі және кейбір үшінші тарап теледидарларындағы Apple TV қолданбасындағы Apple аккаунтыңызбен байланысты профильдерді, соның ішінде балалар профильдерін жасауға болады. Бұл профильдерді осы платформалардағы Apple TV қолданбасында пайдалануға болады және олар Apple TV қолданбасында жекелендірілген контент ұсынуға мүмкіндік береді. Профильдер байланыстырылған Apple аккаунты басқарушы профиль болып табылады. Apple аккаунтыңызбен байланысты профиль жасау үшін кемінде 18 жаста болуыңыз керек. Профиль үшін атау мен кескін таңдайсыз да, профильдің балаға арналған-арналмағанын белгілейсіз. Профильді баптау кезінде және «Реттеулер» қолданбасында кез келген уақытта профиліңіздің Apple аккаунтыңыз арқылы сатып алу және жалға алу мүмкіндігін басқаруға болады. Сондай-ақ Apple TV қолданбасы үшін контентке шектеулер орнатуға болады. tvOS жүйесінде «Реттеулер» > «Қолданбалар» > «Теледидар» > «Контент шектеулері» тармағына өтіп, профильді таңдаңыз, содан кейін қадамдарды орындаңыз.
Профиль пайдаланушысы таңдалған контент рейтингілеріне сәйкес Apple компаниясынан сатып алынған немесе жалға алынған контентке, Apple TV жазылымына және Apple TV арналарына қол жеткізе алады және оларды тамашалай алады. Профиль қосылған үшінші тараптық видео қолданбаларына да қол жеткізе алады, бірақ контент шектеулері Apple TV қолданбасына ғана қолданылады.
Apple компаниясы профильдер туралы жинайтын және сақтайтын ақпарат басқарушы профильдің Apple аккаунтымен байланысты. Бұған, мысалы, профиль пайдаланушысы не көретіні, қашан және қай құрылғыда көргені, сондай-ақ пайдаланушының контентті көру барысы туралы егжей-тегжейлі ойнату әрекеті кіреді. Apple TV қолданбасы ақпаратты қалай жинайтыны және пайдаланатыны туралы толығырақ мәліметтер алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/en/apple-tv-app мекенжайы бойынша өтіңіз.
Профильді басқарушы профильдің мақұлдауымен «Реттеулер» қолданбасында Apple аккаунтына өзгертуге болады. tvOS жүйесінде «Реттеулер» > «Профильдер және аккаунттар» тармағына өтіп, профильді таңдаңыз, содан кейін «Apple аккаунтына өзгерту» опциясын таңдап, қадамдарды орындаңыз. Профиль жаңартылған кезде, осы профильдің көрген контенті туралы ақпарат және көру тарихымен байланысты мәліметтер жаңа Apple аккаунтына тасымалданып, бұдан былай басқарушы профильмен байланысты болмайды. Алайда профиль жаңартылған кезде, сатып алулар, жазылымдар және жалға алынған контент басқару профилімен байланысты болып қалады және профильдің жаңа Apple аккаунтына тасымалданбайды немесе онымен байланыстырылмайды. Сондай-ақ профильді кез келген уақытта «Реттеулер» қолданбасында басқарушы профиль арқылы жоюға болады. tvOS құрылғысында «Реттеулер» > «Профильдер және аккаунттар» тармағына өтіп, профильді таңдаңыз, содан кейін «Профильді жою» опциясын түртіңіз. Жойылғаннан кейін, профиль мен оның көру тарихы басқарушы профильдің Apple аккаунтына бұдан былай қолжетімді болмайды.
iMessage, FaceTime және iCloud
iPhone құрылғыңызда жүйеге Apple аккаунтыңызбен кірген кезде iMessage, FaceTime, iCloud және басқа Apple сервистеріндегі аккаунттарға автоматты түрде кіресіз. Құрылғыңыздағы телефон нөмірі де расталып, Apple аккаунтыңызбен байланыстырылады. Apple аккаунтыңызды немесе телефон нөмірлеріңізді сіз хабарласатын немесе деректерді бөлісетін адамдар көре алады, сондай-ақ адамдар сізге Apple аккаунтыңыз және аккаунтыңызбен байланысты эл. пошта мекенжайлары немесе телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады. Адамдардың сізбен байланысу жолын «Реттеулер» > [атыңыз] > «Жеке ақпарат» тармағына өту арқылы таңдауға болады. Сондай-ақ iMessage пен FaceTime қолданбалары және құпиялылық туралы толығырақ ақпарат алу үшін «Реттеулер» > «Хабарлар» тармағына өтіп, «iMessage, FaceTime және құпиялылық туралы ақпарат» түймесін түртіңіз.
iTunes, App Store және «Музыка»
iPhone құрылғыңызда жүйеге Apple аккаунтыңызбен кірген кезде сатып алу операцияларын немесе Apple Music сервисін пайдалануды тез әрі оңай бастау үшін iTunes Store, App Store дүкендеріндегі және Apple Music сервисіндегі аккаунттарға автоматты түрде кіресіз. Барлық сатып алу операцияңыз біздің жүйелерімізде сақталады, сондықтан оларды кез келген уақытта қайта жүктеп алуға болады. Егер Apple Music сервисін пайдалансаңыз, тыңдау тарихы сақталуы және жекелендірілген ұсыныстарды көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін. Apple Music реттеулерінде тыңдау тарихын бөлісу опциясынан бас тартуға болады.
Егер iTunes Match жазылымы сіз орналасқан аймақта қолжетімді болса және сіз iTunes Match жазылымын пайдаланатын болсаңыз, iCloud сервисі iTunes медиатекасындағы медиафайлдар туралы ақпаратты жинайды, сондай-ақ медиафайлдарды iTunes Store дүкенінде ағымдағы уақытта қолжетімді әндермен сәйкестендіреді немесе сәйкестіктер табылмаған әндерді жүктеп салады, содан кейін бұл әндерге тек жарамды құрылғыларыңыздан қол жеткізуге болады.
Автоматты түрде жүйеге кіру
Рұқсатыңызды алған жағдайда Apple компаниясы сіз Apple аккаунтыңызбен кірген кез келген iPhone, iPad немесе Apple TV құрылғысындағы белгілі бір қатысушы үшінші тарап қолданбаларына автоматты түрде кіруі мүмкін. Apple компаниясы Apple аккаунтыңызбен байланысты қатысушы қолданба ұсынған жүйеге кіру токенін құрылғыларыңыз бойынша жүйеге кіруге мүмкіндік беру үшін сақтайды. Apple аккаунтының реттеулерінде әрбір қатысушы қолданба үшін осы автоматты түрде жүйеге кіру функциясын басқаруға болады. iOS немесе iPadOS құрылғысында «Реттеулер» > [атыңыз] > «Медиа және сатып алулар» > «Қосылған аккаунттар» тармағына өтіңіз.
Серіктестер арқылы Apple жазылымдары
Егер мобильді желі провайдеріңіз немесе басқа Apple серіктесі Apple сервистеріне (мысалы, Apple One, Apple Music немесе Apple TV) жазылымдар мен тегін сынақ нұсқаларын ұсынса, Apple компаниясы тегін сынақ нұсқасын немесе жазылымды анықтау, кіру кезінде аккаунтыңызды растау және Apple жазылымыңызды немесе тегін сынақ нұсқаңызды Apple аккаунтыңызға қосу үшін серіктес бөліскен телефон нөміріңізді немесе бірегей аккаунт идентификаторын, ал кейбір жағдайларда Apple құрылғысының сериялық нөмірін пайдаланады. Сондай-ақ мобильді желі провайдеріне немесе серіктеске тегін сынақ нұсқасын немесе жазылымды белсендіргеніңіз туралы хабарлау үшін телефон нөміріңізді немесе бірегей аккаунт идентификаторын пайдаланамыз.
Төлем әдістері, сыйлық карталары және Apple аккаунтының теңгеріміне қаражат қосу
App Store, iTunes, «Музыка» және т.б. қолданбалардан өнімдерді сатып алу үшін Apple аккаунтыңызға жарамды төлем әдісін қосу қажет. iOS құрылғысында төлем әдісін қосу үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» > «Төлем және жеткізілім» тармағына өтіп, «Төлем әдісін қосу» опциясын түртіп, тиісті төлем мәліметтерін қосыңыз. Төлем мәліметтерін ақпаратты қолмен енгізу немесе төлем картасын суретке түсіру арқылы қосуға болады. Егер төлем картаңызды суретке түсіріп, төлем туралы мәліметтерді қосқыңыз келсе, құрылғыңыз міндетті өрістерді толтыру үшін тиісті ақпаратты кескіннен алады. Apple компаниясы кескінді көрмейді және сақтамайды. Жаңа төлем картасын қосқанда, Apple төлем картасының басқа Apple аккаунтымен байланыстырылғанын тексереді. Олай болса, Apple компаниясы сол төлем картасы әлдеқашан тіркелген Apple аккаунтының иесіне картаның жаңа Apple аккаунтына қосылғаны туралы хабарлауы мүмкін. Жеке ақпаратыңыз және Apple аккаунтының мәліметтері осы хабарландырудың бөлігі ретінде жіберілмейді. Егер ересек екеніңізді растауымыз қажет елде немесе аймақта болсаңыз және осы жасты растау талабына сай келетін төлем әдісін қоссаңыз немесе бұрын қосқан болсаңыз, біз Apple аккаунтыңызды ересек адамның аккаунты ретінде анықтау үшін сол төлем әдісін пайдаланамыз.
Apple компаниясы сатып алу операцияларын жүргізу, заңды сақтау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында сіз көрсеткен төлем әдісі туралы мәліметтерді, оның ішінде шот нөмірі және жарамдылық мерзімі туралы деректерді жинайды, сақтайды және тасымалдайды. Заңды түрде талап етілсе, Apple компаниясы немесе біздің төлем серіктестеріміз (мысалы, банктер немесе төлемдерді өңдеуге қатысатын басқа ұйымдар) транзакцияңызды өңдеу және заң талаптарын орындау үшін үкімет берген жеке куәлік сияқты қосымша жеке ақпаратты жинауы, сақтауы және тасымалдауы мүмкін. Сонымен қатар Apple компаниясына маркетингтік және аналитикалық мақсаттарда, сондай-ақ заңдарды сақтау және алаяқтықтың алдын алу үшін пайдаланылуы мүмкін шот ұсынылатын мекенжайды және жіберу мекенжайын ұсынуға болады.
Төлем картасын пайдаланғанда, Apple компаниясы картаңыздың нөмірін және төлеуші туралы ақпаратты болашақтағы сатып алулар, қайталама транзакциялар немесе рұқсат етілген басқа да әрекеттер үшін сақтап, автоматты түрде жаңартуы мүмкін. Apple компаниясы бұл ақпаратты қаржы мекемесінен немесе төлем жүйесінен алып, оны алаяқтықтың алдын алу және деректерді тексеру мақсатында пайдалануы мүмкін.
Егер Apple Pay функциясын қосқан болсаңыз, Apple компаниясы кез келген Apple Pay төлем әдісін Apple аккаунтыңызбен байланыстырылған төлем әдісі ретінде қосу мүмкіндігін де анықтайды. Бұл төлем әдістері «Wallet қолданбасында табылған» тармағында көрсетіледі. Транзакция жасау үшін Apple аккаунтыңызды пайдаланған кезде, Apple компаниясы Apple аккаунтыңызбен байланысты төлеу әдісінің Apple Pay сервисімен пайдалануға жарамдылығын да тексеруі мүмкін. Олай болса, төлем ақпаратыңызды қорғау мақсатында Apple компаниясы сол төлем әдісі үшін Apple Pay функциясын қосуы мүмкін. Төлем әдістерін кез келген уақытта өзгертуге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» > «Төлем және жеткізілім» тармағына өтіңіз.
Apple сыйлық картасын Apple аккаунтыңызбен байланысты төлем әдісімен сатып алуға және оны алушымен бөлісуге болады. Бөлісу үшін Apple компаниясына алушының эл. пошта мекенжайын, өз атыңызды және сыйлық картасындағы соманы көрсетуіңіз керек. Қаласаңыз, қандай да бір хабар енгізуге болады. Apple компаниясы сыйлық карталарын сату және қолдану, сондай-ақ заңды сақтау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында алушы туралы ақпаратты пайдаланады.
Сондай-ақ Apple сыйлық картасының сомасын Apple аккаунтыңыздың теңгеріміне аудару арқылы сыйлық картасын қолдануыңызға болады. Apple сыйлық картасын қолданған кезде, сыйлық картасы туралы ақпарат Apple аккаунтыңыздың теңгерімімен байланыстырылады және Apple компаниясы бұл ақпаратты заңдарды сақтау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ сыйлық карталарын қолдану процесін және Apple компаниясының сізге жіберетін ақпаратын жекелендіру үшін сыйлық карталарын қолдану туралы белгілі бір ақпарат (мысалы, қолданылған сыйлық карталарының саны) пайдаланылуы мүмкін. Жекелендіру мақсатында сыйлық картасы туралы ақпаратты пайдаланудан бас тартуға болады. Ол үшін iTunes Store дүкеніне кіріп, тізімнің соңына дейін айналдырып шығыңыз, содан кейін «Apple аккаунты» > «Apple аккаунтын көру» тармағын түртіңіз де, «Жекелендірілген ұсыныстар» реттеуін түртіп өшіріңіз.
Таңдалған төлем әдісін қолдана отырып, Apple аккаунтыңыздың теңгеріміне тікелей қаражат салуға болады. Apple аккаунтының теңгеріміне қаражат қосқан кезде теңгерімді белгілі бір уақыт аралықтарында белгілі бір сомаға автоматты түрде толтыру мүмкіндігін баптауға болады. Теңгерімді автоматты түрде толтыру опциясын баптаған соң, Apple компаниясы сізге ағымдағы теңгеріміңіз немесе теңгерімді толтыру туралы ақпаратты (мысалы, растау туралы хабарламалар, түбіртектер және тіркелгеннен кейінгі еске салғыштар) құрылғыңызға немесе эл. поштаңызға жіберетін болады. Теңгерімді автоматты түрде толтыру опциясын кез келген уақытта Apple аккаунтының реттеулерінде жаңартуға немесе тоқтатуға болады.
Сыйлық картасын қолданғаннан кейін немесе Apple аккаунтының теңгеріміне қаражат қосқаннан кейін, Wallet қолданбасында Apple аккаунтының жаңартылған теңгерімі көрсетіледі, сондықтан Apple Store дүкеніндегі сатып алу операциялары үшін Apple aккаунтыңыздағы теңгерімді еш қиындықсыз пайдалануға болады.
Төлем әдістерін, сыйлық карталарын пайдалану және Apple аккаунтыңыздың теңгеріміне қаражат қосу тәжірибесін жақсарту үшін Apple компаниясы Apple аккаунтыңыздың төлем реттеулерінде орындаған түрту және басу әрекеттеріңіз туралы белгілі бір деректерді жинауы мүмкін.
Жазылымдарды басқару
Apple сервистеріне және Apple қолданбадағы сатып алу жүйесі арқылы сатып алынған үшінші тараптық сервистерге жазылымдарыңызды Apple аккаунтыңыздың реттеулерінде көруге және басқаруға болады. iOS құрылғысында «Реттеулер» > [атыңыз] > «Жазылымдар» тармағына өтіңіз. Белсенді немесе жақында белсенді болған жазылым мәліметтерін көру, жазылымды басқару немесе одан бас тарту үшін жазылымды түртіңіз. Сондай-ақ iCloud отбасының мүшесі болсаңыз, жазылымыңызды отбасыңызбен бөлісуді және жазылым мерзімін ұзарту туралы түбіртек параметрлерін басқаруға болады. Жазылымды Apple аккаунты арқылы көргенде және басқарғанда, Apple компаниясы жазылымды сатып алу кезінде әзірлеушілерге берілген чек ақпаратын әзірлеушіден Apple сізге көрсетуді қалайтын хабарларды немесе ұсыныстарды сұрау үшін пайдалана алады. Apple әзірлеуші атынан біз көрсететін хабарлар контентін сақтамайды немесе оларды өз мақсаттарында пайдаланбайды, бірақ хабарларды сұрау әзірлеушіге жазылымды басқаратыныңызды көрсетуі мүмкін, ал Apple хабардың көрсетілген-көрсетілмегені және хабардың түрі туралы ақпаратты жинауы мүмкін. Жазылымдарды басқару тәжірибеңізді жақсарту үшін Apple компаниясы Apple аккаунтыңыздың «Жазылым» реттеулеріндегі өзара әрекеттестіктеріңіз, соның ішінде сіз қарайтын, басатын және түртетін нәрселер туралы деректерді жинауы мүмкін.
Мектеп және бизнес ұйымдары
Apple аккаунтымен байланысты эл. пошта мекенжайы Apple School Manager немесе Apple Business Manager ұйымы басқаратын доменді пайдаланса, Apple компаниясы ұйымның бұл доменді басқаратынын тексергеннен кейін эл. пошта мекенжайыңызды сол ұйымға беруі мүмкін. Ұйым аккаунтыңызды жұмыс немесе мектеп аккаунтына тасымалдауға немесе эл. пошта мекенжайыңызды қалпына келтіруге рұқсат беру арқылы эл. пошта мекенжайыңыздың Apple аккаунтымен байланыстырылуына жол бермеуі мүмкін. Аккаунтыңызды көшіремін деп шешсеңіз, Apple компаниясы жарамдылықты анықтау үшін жазылымдарыңыз бен сатып алуларыңыз, төлем әдістеріңіз бен теңгерімдеріңіз, сондай-ақ аккаунтыңыздың «Отбасылық қол жеткізу» тобының бөлігі болғаны-болмағаны сияқты әртүрлі аккаунт сипаттарын тексеруі мүмкін. Аккаунтыңыз жарамды болса, Apple аккаунтыңызды ұйымыңыз басқаратын жұмыс немесе мектеп аккаунтына тасымалдауыңызға болады, бұл ұйымға осы аккаунтпен байланысты барлық дерекке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Аккаунтыңыз жарамсыз болса немесе бағдарламаға қатысқыңыз келмесе, Apple аккаунтымен байланысты эл. пошта мекенжайын жаңартуыңыз қажет. Аккаунтты тасымалдау, соның ішінде аккаунт сипаттамаларының толық тізімін және эл. пошта мекенжайын жаңарту туралы қосымша ақпарат алу үшін support.apple.com/102159 сайтына кіріңіз.
Қолданыс деректері
Сондай-ақ біз сервис жұмысын қамтамасыз ету және жақсарту үшін iCloud сервисін қалай пайдаланатыныңыз туралы деректерді жинаймыз. Мәселелер туындаған жағдайда клиентке қолдау көрсету үшін, бұл деректердің кейбірі Apple аккаунтыңызбен байланыстырылуы мүмкін. Біз IP мекенжайыңызды сервиске қай елден немесе аймақтан (қаладан) кіріп жатқаныңызды анықтау үшін пайдалануымыз мүмкін, бірақ біз бұл деректерді сақтамаймыз.
Аккаунт қауіпсіздігі
Apple компаниясы деректеріңізді қорғау үшін саладағы үздік қауіпсіздік технологияларын пайдаланады. Apple аккаунтының қауіпсіздігі мен сенімділігін, Apple қауіпсіздік функцияларын және Apple аккаунтын қалпына келтіру процестерін жақсарту және қамтамасыз ету үшін Apple компаниясы Apple аккаунтыңызбен байланысты болуы мүмкін белгілі бір шектеулі ақпаратты жинайды, соның ішінде:
- Apple аккаунтына кіргенде, жақын маңдағы басқа құрылғыңызды пайдаланып жаңа құрылғыны баптағанда, құрылғыларды жойғанда, Apple аккаунтының реттеулерін жаңартқанда және деректеріңізге қол жеткізу немесе оларды қалпына келтіру үшін аккаунтыңызда аутентификациядан өткенде әрекеттердің барысын және сәтті мен мәселе туындаған әрекеттердің санын көрсететін оқиғалар
- Apple аккаунтымен байланысты қалпына келтіру контактілері мен қалпына келтіру кілттерін немесе осыған ұқсас қауіпсіздік және қалпына келтіру мәліметтерін жасаудың және пайдаланудың өнімділігі мен сенімділігін көрсететін оқиғалар. Apple компаниясы қалпына келтіру контактілеріңізді немесе қалпына келтіру кілттеріңізді білмейді немесе оларға қол жеткізе алмайды
- Деректеріңізге қол жеткізу мүмкіндігін қалпына келтіру үшін құрылғыңыздың құпиякодын немесе құпиясөзін пайдаланудың өнімділігі мен сенімділігін көрсететін оқиғалар. Apple компаниясы құрылғыңыздың құпиякодын немесе құпиясөзін білмейді немесе оған қол жеткізе алмайды
- Аккаунтыңыздан құрылғыларды жою немесе сәтсіз аяқталған аккаунт пен деректерді қалпына келтірудің әсерін анықтау үшін барлық iCloud деректеріңізді қалпына келтіру және жою процесімен байланысты оқиғалар
Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз
Біз Apple аккаунтыңызды және оған қатысты жоғарыда сипатталған ақпаратты әдетте Apple компаниясымен келісімшартты орындау, қызмет көрсету үшін қажет болған жағдайда және заңды міндеттемелерімізді орындау үшін өңдейміз. Келісім тиісті заңды негізге сүйенсе, біз оны қолданыстағы жергілікті заңға сәйкес іздейміз.
Қолданыстағы заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз немесе үшінші тараптың мүдделері үшін қажетті жеке деректердің келесі санаттарын өңдейміз, соның ішінде:
- Apple аккаунтыңыз, соның ішінде жүйеге кіру үшін пайдаланылатын ақпарат, сондай-ақ Apple сервистері бойынша пайдаланылатын контакт, төлем және қауіпсіздік мәліметтері (мысалы, сенімді телефон нөмірлері немесе бақылау сұрақтары)
- Сіз орнататын қолданбалар, оның ішінде олардың қай жерден орнатылғаны (мысалы, веб-сайт немесе қолданбалар дүкені)
- Құрылғыңыз орналасқан елге немесе аймаққа байланысты белгілі бір заңды түрде талап етілетін сервистер мен функциялар үшін жарамдылығы
- Құрылғыларыңыз, соның ішінде құрылғыңыздың атауы, сериялық нөмірі және басқа аппараттық идентификаторлары
- Сіз пайдаланатын әртүрлі Apple сервистері және оларға жазылымдарыңыз (iCloud, iTunes Store, App Store, Apple Music және Apple One)
- Төлем мәліметтері, соның ішінде шот нөмірлері мен жарамдылық мерзімдері, төлем және жеткізу мекенжайлары және сыйлық картасын қолдану туралы ақпарат
Бұл заңды мүдделерге мыналар жатады:
- Сізге және басқаларға жақсырақ қызмет және қолдау көрсету, сондай-ақ есептілік, есеп беру және аналитика мақсатымен
- Заңды түрде талап етілетін функциялар мен сервистердің қолжетімділігін және ұсынылуын анықтау
- Эл. пошта және push хабарландырулары арқылы сізді қызықтыруы мүмкін ұсыныстарды жіберу үшін деректеріңізді пайдалану
- Ұсыныстар алуға жарамдылықты тексеру
- Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу
Деректерді сақтау
Жазылым сияқты сатып алу әрекетіңіздің кезінде, біз сатып алынған затыңызбен байланысты жеке деректерді аймаққа байланысты өзгешеленетін қаржылық есептілікке қатысты қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзім ішінде сақтаймыз. Тұтынушылардың көбісі үшін деректерді сақтау мерзімі кем дегенде 10 жыл құрауы қажет, ал Қытай сияқты аймақтарда бұл мерзім 30 жыл құрауы мүмкін. Сондай-ақ біз iCloud сервисімен байланысты сервистер арқылы орындаған әрекеттеріңіз туралы жазбаларды сақтай аламыз. Бұл жазбалар әдетте 30 күн бойы сақталады, бірақ егер заңнама немесе заңды процесс жазбаларды ұзағырақ мерзімге сақтауды талап етпесе, олар жинақталған түрде үш жылға дейін сақталуы мүмкін.
Apple аккаунтыңызды жойсаңыз, біз жойылған аккаунттың жазбасын заңды міндеттемелерді орындау үшін, соның ішінде жоғарыда сипатталғандай және аккаунт қауіпсіздігінің заңды мүдделері үшін қажет болғанша сақтаймыз. Жаңа аккаунтты кейінірек жасауды таңдасаңыз, бізден жоюды сұраған аккаунтпен байланыстырылмаған эл. пошта мекенжайын пайдалануыңыз қажет болады. Аккаунт жасау үшін телефон нөмірін пайдаланған болсаңыз, оны дәл сол себептермен басқа аккаунт жасау үшін пайдалану мүмкін емес. Аккаунтқа арналған негізгі эл. пошта мекенжайын немесе телефон нөмірін аккаунт жасау үшін пайдаланған болсаңыз, оны жоя алмайсыз. Сондай-ақ бізден сот шешіміне немесе басқа да соған ұқсас уәкілетті процеске сәйкес ақпаратты сақтау талап етілуі мүмкін.
Біз аккаунтты жойған кезде оған қатысты барлық жеке деректі жою үшін бар күшімізді саламыз. Жеке деректеріңізді жойсақ, біз сіз туралы белгілі бір жеке деректерді біржола қалпына келтіруге және анықтауға болмайтындай етіп жасаймыз.
Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді.
2025-12-12