Siri, дауыспен теру және құпиялылық

Siri деректері Apple аккаунтыңызбен байланысты емес. Siri арқылы сұраулар жасаған кезде, Apple компаниясы хабар жіберілген-жіберілмегені сияқты қолданыс деректерін сақтайды. Альбомды ойнату немесе әлем туралы ақпарат іздеу сияқты «Іздеу» сұраулары үшін сұрау Apple компаниясында да сақталады және «Іздеу», Siri және байланысты функцияларды жақсарту үшін пайдаланылады. «”Іздеу” функциясын жақсартуға көмектесу» функциясын «Реттеулер» қолданбасында өшіруге болады. Сондай-ақ Siri көмекшісі сұрауыңызды өңдеу үшін аудио, Siri баптауы, контактілер және геолокация сияқты ақпаратты Apple компаниясына жіберуі мүмкін.
 

Siri көмекшісі жеке ақпаратыңызды қорғау және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беру мақсатында жасалған.


«Siri, дауыспен теру және құпиялылық» мақаласында Siri көмекшісінің және «Дауыспен теру» функциясының әдепкі әрекеті сипатталады. «Siri және мәтінді дауыспен енгізу» немесе «Siri және Apple Intelligence функциясын жақсарту» реттеуін қоссаңыз, Apple қосымша деректерді, соның ішінде Siri көмекшісіне, «Дауыспен теру» және «Аудару» функцияларына жасалған сұрауларыңыздың аудио мен мәтіндік деректерін, сондай-ақ Siri қолданбасын пайдалансаңыз, Siri көмекшісімен сөйлесу тарихыңызды жинайды, сақтайды және тексереді. Деректеріңіз сағатына бірнеше рет жаңартылатын және Apple аккаунтына немесе эл. пошта мекенжайына байланысты емес кездейсоқ, құрылғыда жасалған идентификатормен байланыстырылады. Қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/en/improve-siri-dictation веб-бетіне өтіңіз.

Siri және мәтінді дауыспен енгізу

Siri AI функциясын қосуды таңдасаңыз, Siri көмекшісіне ауызша немесе жазбаша сұрау берген кезде, сұрауыңыз құрылғыңызда өңделуі немесе жеке бұлттық есептеуге жіберілуі мүмкін. Жеке бұлттық есептеу — құпиялылығыңызды қорғай отырып, Siri сұрауларыңызды өңдеуге арналған серверлік интеллектуалды жүйе. Жеке бұлттық есептеуде өңделетін деректер сақталмайды немесе Apple компаниясына берілмейді. Ең үздік жауап беру жолын анықтау үшін сұрауыңыз жеке бұлттық есептеуде талдаудан өтеді. Осы талдау негізінде сұрауды тікелей құрылғыда орындау, ең жаңа ақпаратты алу үшін интернетке жүгіну немесе құрылғыңыздағы қолданбалардың мәліметтерін пайдалану қажеттілігі шешіледі. Жеке бұлттық есептеу осы ақпаратты құрылғыңызға қауіпсіз түрде жібереді және деректеріңізді сақтамайды. Siri AI функциясын қосуды таңдамасаңыз немесе Siri AI қолжетімді болмаса, Siri көмекшісіне ауызша немесе жазбаша сұрау берген кезде, сұрауыңыз жеке бұлттық есептеуге жіберілмейді және мүмкіндігінше құрылғыда өңделеді, сондай-ақ «Іздеу» арқылы тиісті және өзекті ақпаратты ұсына алады.

Siri арқылы жасаған сұрауларыңыз тиісті, өзекті жауаптар беру үшін Apple компаниясына жіберілуі мүмкін. Мысалы, альбомды ойнату, интернеттен іздеу сияқты іздеу сұраулары немесе әлемдік білімді қажет ететін әрекетті орындау үшін Siri көмекшісіне жазған сұрауларыңыз Apple компаниясына жіберілуі мүмкін. «Іздеу» сұраулары, соның ішінде Siri арқылы жасалған іздеу сұраулары үшін сұрауды Apple компаниясы сақтап, «Іздеу» функциясын, Siri көмекшісін және соған байланысты функцияларды жақсарту үшін пайдаланады. «Іздеу» сұрауларының Apple компаниясында сақталуын және «Іздеу» функциясын жақсарту үшін пайдаланылуын қаламасаңыз, «Реттеулер» > «Іздеу» тармағына өтіп, «"Іздеу" функциясын жақсартуға көмектесу» реттеуін түртіп өшіруге болады.

«Siri және мәтінді дауыспен енгізу» немесе «Siri және Apple Intelligence функциясын жақсарту» реттеуін қоссаңыз, Siri арқылы жасаған іздеу сұрауларыңыз сақталып, Siri көмекшісін жақсарту үшін пайдаланылады. «Siri және дауыспен енгізу» немесе «Siri және Apple Intelligence функциясын жақсарту» функциясын өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Аналитика мен жақсартулар» тармағына өтіп, «Siri және дауыспен енгізу» немесе «Siri және Apple Intelligence функциясын жақсарту» реттеуін түртіп өшіріңіз. Siri көмекшісі сұрауыңызды «Іздеу» арқылы орындаған кезде, Apple компаниясының қандай деректерді жинайтыны туралы қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/kz/siri-suggestions-search веб-бетіне өтіңіз.

Siri және «Дауыспен теру» функциясының өзара әрекеттестігінің тарихы құрылғыңызда сақталады және Siri көмекшісін пайдалану тәжірибеңізді жекелендіру үшін пайдаланылуы мүмкін.

Siri көмекшісін немесе «Дауыспен теру» функциясын пайдаланған кезде, құрылғыңыздағы «Siri реттеулері» немесе «Пернетақта реттеулері» мәзірінде айтылатын сөздердің шынымен де құрылғыңызда өңделіп, Apple серверлеріне жіберілмей қалғаны көрсетіледі. Әйтпесе айтқандарыңыз Apple компаниясына жіберіліп, сол жерде өңделеді. «Siri және дауыспен енгізу» немесе «Siri және Apple Intelligence функциясын жақсарту» реттеуін қоспағанша, аудио деректеріңіз Apple компаниясында сақталмайды.

Сондай-ақ Siri, «Дауыспен теру» немесе «Аудару» функциясын пайдаланған кезіңізде, Apple компаниясы сұрауыңызға қатысты деректерді де (мысалы, сіз жасаған сұраудың санаты және оның сәтті орындалған-орындалмағаны, құрылғының техникалық сипаттамалары, құрылғы конфигурациясы, өнімділік статистикасы және Siri үшін геолокация сервистерін қосқан болсаңыз, Siri сұрауыңыз жасалған кездегі құрылғыңыздың болжалды геолокациясы) сақтайды.

Бұл деректер Siri және «Дауыспен теру» сұрауларының тарихына жатады және сағатына бірнеше рет жаңартылатын кездейсоқ, құрылғыда жасалған идентификатормен байланыстырылады, ал Apple аккаунтыңызбен немесе эл. пошта мекенжайыңызбен байланыстырылмайды. Apple компаниясы Siri, «Дауыспен теру», «Іздеу» және Apple өнімдері мен сервистеріндегі басқа тіл өңдеу функцияларының шектеулі санын әзірлеу және жақсарту үшін бұл деректерді екі жылға дейін сақтауы және пайдалануы мүмкін. Мысалы, деректеріңіз Siri, «Іздеу», «Дауыспен басқару», «Аудару» және сөйлеуді автоматты түрде тану модельдерін дәлдеп реттеу үшін пайдаланылуы мүмкін.

«Siri және дауыспен теру» функциясын пайдаланғанда, құрылғыңыз Apple компаниясына басқа контекстік деректерді жіберуі мүмкін, соның ішінде сіз «Siri көмекшісімен пайдалану» функциясымен біріктіруге рұқсат берген үшінші тарап қолданбаларынан, мысалы:

  • Контактілердің аттары, лақап аттары және контактілерде бапталған жағдайда, олармен қарым-қатынас сипаттамасы (мысалы, «менің әкем»)
  • Жүгіну формасы, тіл және аймақ реттеулерінде орнатылған болса
  • Сізге ұнайтын музыка және подкасттар
  • Өзіңізде және «Отбасылық қол жеткізу» тобының мүшелерінде бар құрылғылардың атаулары
  • Керек-жарақтар, үйлер мен сценарийлердің атаулары және «Үй» қолданбасында үйді ортақ пайдаланатын мүшелердің аттары және Apple TV пайдаланушы профильдері
  • «Фотолар» қолданбасындағы адамдардың аттары, оятқыштардың және «Еске салғыш» тізімдерінің атаулары сияқты элементтердің белгілері
  • Құрылғыңызға орнатылған қолданбалардың және Siri арқылы қосылған жылдам пәрмендердің атаулары

Бұл деректер Apple аккаунтыңызбен немесе эл. пошта мекенжайыңызбен байланыстырылмаған кездейсоқ, құрылғыда жасалған идентификатормен байланыстырылған. Оны Apple компаниясы Siri сіздің сұрауыңызды түсінген не түсінбегенін анықтау және iOS құрылғыңызға және Apple Watch, HomePod немесе қолдау көрсетілетін HomeKit керек-жарағы сияқты кез келген қосылған Apple құрылғысына сізді жақсырақ түсінуге және айтқаныңызды тануға көмектесу үшін ғана пайдаланады.

Бұл контекстік деректер, сондай-ақ сіздің тиісті сұрау деректеріңіз маркетинг профилін жасау үшін пайдаланылмайды және ешқашан ешкімге сатылмайды.

Siri функциясын қосқан кезде, Apple компаниясы Siri көмекшісінің қалай пайдаланылатынын түсіну үшін құрылғыңыздың техникалық сипаттамалары, Siri реттеулері және Siri өнімділігінің көрсеткіштері туралы ақпаратты да жинайды. Бұл ақпарат Apple аккаунтыңызға тіркелмеген идентификаторлармен немесе сізді анықтауы мүмкін басқа ақпаратпен байланысты.

Камерадағы Siri

«Камера» қолданбасындағы Siri көмекшісін ашқан кезде, Apple компаниясы кескіндегі немесе айналаңыздағы ақпаратты білмеуі үшін, визуалды интеллект «Жеке бұлттық есептеу» немесе «Жеке ақпаратты шығару» арқылы кескіндер немесе айналаңыз туралы ақпаратты іздей алады.

Сонымен қатар визуалды интеллект анықтаған кәсіпорындар, көрнекі жерлер мен басқа да қызықты орындар туралы ақпаратты іздеу үшін геолокацияңызды Apple Maps сервисіне жіберуі мүмкін. Apple Maps сервисін пайдаланған кезде жиналатын деректер туралы қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/kz/apple-maps веб-бетіне өтіңіз.

Сондай-ақ «Google арқылы іздеу» функциясын кескін бойынша нәтижелерді іздеу үшін пайдалануға болады. Іздеу түймесін түрткен кезде, ол камерамен түсірілген кескінді Google компаниясына жібереді. «Google арқылы іздеу» функциясын пайдаланған кезде, Google деректердің құпиялылық саясаттары қолданылады.

Ысырма түймесін түрткен кезде, визуалды интеллект Siri арқылы кескіндер туралы ақпаратты іздей алады.

ChatGPT кеңейтімін қоссаңыз, кескін туралы толығырақ ақпарат алу үшін кескіндерді ChatGPT сервисіне жіберуге болады. Сіздің IP мекенжайыңыз Google және ChatGPT сервистерінен жасырылады және оларға жіберілмейді.

Үшінші тарап қолданбалары

Siri сіздің атыңыздан үшінші тарап қолданбасымен әрекеттескенде, сол қолданбаның немесе сервистің шарттары мен талаптары және құпиялылық саясаты қолданылады. Оған қоса қолданбаларға «Сөйлеуді анықтау» функциясын транскрипциялау мақсатында пайдалануға рұқсат берген жағдайда, транскрипцияланатын аудио деректер Apple компаниясына жіберілуі мүмкін.

ChatGPT кеңейтімі

Siri ішіндегі ChatGPT кеңейтімін қосуды таңдаған кезде, Apple компаниясы сіз жасаған сұраудың санаты және оның сәтті болған-болмағаны сияқты сұрауыңызға қатысты деректерді сақтайды. Бұл деректер қатысты сұраулар тарихыңыздың бір бөлігі болып табылады және Apple компаниясы оларды жоғарыда сипатталғандай пайдаланады және сақтайды.

Apple компаниясы сервис жұмысын қамтамасыз ету және алаяқтықтың алдын алу мақсатында жауаптың болжалды көлемі сияқты ChatGPT жауабы туралы шектеулі ақпаратты сақтайды. Қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/kz/chatgpt-extension веб-бетіне өтіңіз.

Қосылған Apple құрылғылары

Apple Watch немесе HomePod сияқты қосылған Apple құрылғысында Siri көмекшісін пайдалану аудио мен транскрипциялардың серверде қосымша өңделуін қажет етуі мүмкін. Қосымша ақпаратты қосылған Apple құрылғыңыздың Siri реттеулерінен қараңыз.

Spotlight, Siri және қолданбалардағы Siri ұсыныстары

Тәжірибеңізді жекелендіру үшін Suggestions (Ұсыныстар) функциясы деректерді құрылғыда жергілікті түрде өңдеп, құрылғыларыңыз бен қолданбаларыңызды қалай пайдаланатыныңызды зерттейді. Safari браузерін шолу тарихы, эл. хаттар, хабарлар, суреттер, хабарландырулар мен контактілер сияқты құрылғыдағы ақпаратты, сондай-ақ құрылғыда орнатылған немесе олар ұсынған басқа қолданбалардан алынған деректерді қолдана отырып, Siri көмекшісі іздеу кезінде, бөлісу бетінде, күнтізбеде, «Табу» және «Визуалды іздеу» функцияларын пайдаланғанда, Safari браузерінде және басқа қолданбаларда жылдам пәрмендер мен нәтижелерді ұсына алады. Мысалы, Siri фотолардағы адамдар негізінде бөлісу парағында фотоны кіммен бөлісу керектігін ұсыну үшін құрылғының интеллектуалды функциясын пайдалануы мүмкін. Ұсыныстар Apple сервистерін жекелендіру үшін пайдаланылуы мүмкін, бірақ олар Apple серверлерінде сақталмайды немесе басқа үшінші тарап қолданбаларына жіберілмейді. Siri ұсынған жылдам пәрменді іске қосқан кезде, сізге қолданбаның шарттары мен талаптары, сондай-ақ құпиялылық саясаты қолданылады.

Геолокация сервистері

Геолокация сервистері Siri үшін қосулы болса, құрылғыңыздың сұрау жіберілетін уақыттағы геолокациясы «Siri және дауыспен теру» функциясының сұрауларыңызға жауап беру дәлдігін қамтамасыз ету мақсатында Apple компаниясына жіберіледі. Сұрауға сәйкес келетін жауаптар беру үшін Apple компаниясы геолокацияңызды географиялық аймақпен сәйкестендіру арқылы оны шамалап анықтау мақсатында интернет қосылымының IP мекенжайын пайдалануы мүмкін.

iCloud сервисімен синхрондау

iCloud сервисін пайдаланған жағдайда, Siri реттеулеріңіз бен Siri ұсыныстарыңыздың жекелендіруі барлық Apple құрылғыңызда өтпелі шифрлау арқылы синхрондалады. Сонымен қатар Siri дауысыңызды тану үшін баптаған кездегі дыбыс құрылғыларыңызда Siri арқылы жекелендірілген тануды жақсарту үшін өтпелі шифрлауды пайдаланып синхрондалады. Мысалы, телефоннан шыққан дыбыс HomePod динамигіндегі «Дауысымды тану» функциясын келесідей іске қоса алады. Жекелендірілген сөйлеуді тану модельдері, сондай-ақ Siri көмекшісімен және «Дауыспен теру» функциясымен құрылғыда орындалған әрекеттер құрылғыдағы ақпаратты дәлдік пен модель өнімділігін жақсарту мақсатында пайдалануы мүмкін. Жекелендірілген сөйлеуді тану әрекеті Apple серверлерінде емес, құрылғыңызда орындалады. Құрылғыдан алынған жақын жердегі таймерлер, оятқыштар мен ортақ медианың күйі және HomePod динамигінде «Жеке сұраулар» опциясын қосқан жағдайда телефон қоңырауының күйі және сол құрылғыға дейінгі қашықтық туралы ақпарат жақын жердегі Apple құрылғыларына жергілікті түрде жіберіледі де, басқа құрылғылар оларды Siri көмекшісі қосылған жақын жердегі құрылғылардан басқаруға мүмкіндік алады.

Siri AI функциясын қосып, iCloud сервисін пайдалансаңыз, Siri қолданбасында сақталған Siri көмекшісімен өзара әрекеттесу тарихыңыз Apple компаниясы оқи алмайтын өтпелі шифрлау арқылы Apple құрылғыларыңыз арасында да синхрондалады. Бұл сізге Apple құрылғыларыңызда Siri көмекшісімен бұрынғы сұхбаттарыңызға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Таңдау және басқару мүмкіндігіңіз бар

Siri немесе «Дауыспен теру» функциясын кез келген уақытта өшіруге болады. Siri көмекшісін өшіру үшін «Реттеулер» > «Siri» > «Siri көмекшісін өшіру» тармағына өтіңіз, содан кейін «Siri көмекшісін өшіру» түймесін түртіңіз. «Дауыспен теру» функциясын өшіру үшін «Реттеулер» > «Жалпы» > «Пернетақта» тармағы арқылы өтіп, «Дауыспен енгізуді қосу» параметрін түртіп өшіріңіз. Siri және «Дауыспен теру» функцияларының екеуін де өшірсеңіз, құрылғыңызда сақталған және қолдануды жекелендіру үшін пайдаланылатын Siri және «Дауыспен теру» сұрауларының транскрипциялары жойылады.

Құрылғыңызда сақталған «Siri және дауыспен теру» сұрауларының транскрипцияларын жоюға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Siri» тармағына өтіп, «Siri функциясын өшіру» реттеуін түртіңіз.

Siri көмекшісінің ескі нұсқаларына арналған қолданбалар үшін олардың Siri көмекшісімен біріктірілуін кез келген уақытта «Реттеулер» > «Siri» > «Ұсыныстар» > [қолданба атауы] > «Siri көмекшісімен пайдалану» тармағына өту арқылы басқаруға болады.

Сондай-ақ Siri және «Дауыспен теру» функцияларын пайдалану мүмкіндігін толығымен шектеуге болады. Siri үшін «Реттеулер» > «Экран уақыты» > «Контент және құпиялылық шектеулері» > «Басқа функциялар» > «Siri» тармағына өтіңіз. Дауыспен теру үшін «Реттеулер» > «Экран уақыты» > «Контент және құпиялылық шектеулері» > «Басқа функциялар» > «Дауыспен теру» тармағына өтіңіз.

Siri ұсыныстарын контентті жіберу, іздеу немесе тыңдау кезінде көргіңіз келмесе, «Siri ұсыныстары» функциясын өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Siri» > «Ұсыныстар» тармағына өтіңіз немесе «Реттеулер» > «Siri» > «Ұсыныстар» > [қолданба атауы] тармағына өтіп, қолданба таңдауын өзгерту үшін түртіңіз.

Siri көмекшісі жекелендіретін функциялардың және Siri көмекшісі жылдам пәрмендерді ұсынатын қолданбалардың толық тізімін «Реттеулер» > «Siri» тармағына өту арқылы көруге және басқаруға болады. Siri пайдалану тәжірибеңізді жекелендіру мақсатында басқа орнатылған қолданбалардан алынған ақпаратты пайдалануына, қолданба ішінде әрекеттер орындауына немесе басқа қолданбаларда ұсыныстар жасау үшін белгілі бір қолданбаның деректерін қолдануын тоқтату үшін «Реттеулер» > «Siri» > «Шығарылған қолданбалар» тармағына өтіп, қажетті қолданбаны «Шығарылған қолданбалар» тізіміне қосыңыз.

Блиц қолданбаларға Siri көмекшісін жекелендіру мақсатында ақпарат беруге тыйым салу үшін «Реттеулер» > «Siri» > «Блиц қолданбалар» тармағына өтіп, «Блиц қолданбаларда талдау» реттеуін түртіп өшіріңіз.

Геолокация сервистерін қоссаңыз, Siri көмекшісі үшін геолокация сервистерін өшіруге болады, ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» > «Siri» тармағына өтіп, «Ешқашан» нұсқасын түртіңіз.

Геолокация сервистерін қосқан болсаңыз, «Siri ұсыныстары» үшін геолокация сервистерін өшіруге болады, ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» > «Жүйе сервистері» тармағына өтіп, «Ұсыныстар және іздеу» реттеуін түртіп өшіріңіз.

Siri жекелендіруінің барлық құрылғыңызда синхрондалуын қаламасаңыз, Siri көмекшісін өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > [атыңыз] > «iCloud» > «iCloud сервисінде сақтау» > «Барлығын көру» тармағына өтіп, «Siri» реттеуін түртіп өшіріңіз.

Қай қолданбалардың транскрипциялау мақсатында «Сөйлеуді анықтау» функциясын пайдалана алатынын басқаруға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Сөйлеуді анықтау» тармағына өтіңіз.

Siri, «Дауыспен теру» немесе «Siri ұсыныстары» функциясын пайдалану арқылы сіз Apple компаниясының және оның еншілес компаниялары мен агенттерінің осы ақпаратты Siri, «Дауыспен теру», «Іздеу» және Apple өнімдері мен сервистеріндегі басқа тіл өңдеу функцияларының шектеулі санын жоғарыда сипатталғандай қамтамасыз ету және жақсарту мақсатында тасымалдауына, жинауына, сақтауына, өңдеуіне және пайдалануына келісесіз. Apple компаниясы бұл ақпаратты сенімді үшінші тараптық сервис провайдерлерінде өңдеп, сақтауы мүмкін. Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді.

2026-10-26