Apple Arcade және құпиялылық

Іздеу әрекеттері, интернеттегі белсенділік, сатып алулар, құрылғының сенімділік индексі және Apple Arcade сервисіндегі ойнау белсенділігі жекелендіру, хабарландырулар жіберу (оның ішінде Apple жарнамасы), дүкен мен Apple Arcade жұмысын қамтамасыз ету және жақсарту, сондай-ақ алаяқтықтың алдын алу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Құрылғының сериялық нөмірі сізге сәйкес сервистік ұсыныстарды беру үшін пайдаланылуы мүмкін.
 

Apple Arcade сервисі жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.


Privacy Icon

  • Сізді өзіңіз сатып алатын, жүктеп алатын немесе жаңарту қажет контентпен қамтамасыз ету үшін жеке деректеріңізді жинаймыз.
  • Сондай-ақ аккаунтыңыз, App Store және Arcade дүкендердінде сатып алынған және жүктеп алынған заттар туралы ақпаратты App Store, Apple News және «Акциялар» қолданбасында (бар болса) сізге сәйкес келетін жарнамалар ұсыну мақсатында пайдаланамыз. Төменде сипатталғандай, бұл жарнаманың реттеулерін басқаруға болады.
  • App Store және Arcade дүкендерінде ойындағы белсенділік, өнімдерді сатып алу, жүктеп алу және басқа да әрекет туралы ақпарат функциялар мен ұсыныстарды жекелендіру үшін пайдаланылады. Бұл деректерді осындай мақсатпен пайдаланудан төменде сипатталғандай бас тартуға болады.
  • Сіз жазылуға әрекеттенген кезде, алаяқтықты анықтау және алдын алу мақсатында құрылғыны қалай пайдаланатыныңыз туралы ақпарат, соның ішінде кіріс және шығыс телефон қоңыраулары мен эл. хабарлардың болжалды саны құрылғының сенімділік индексін есептеу үшін пайдаланылады. Индексті жіберген кезде, Apple компаниясына осы индексті есептеуге негіз болған нақты мәндер берілмейді. Сенімділік индекстері серверлерімізде белгілі бір уақыт ішінде сақталады.
  • App Store дүкені мен Arcade сервисін жақсартудың жаңа жолдарын табу мақсатында біз интернеттегі белсенділік, сатып алулар, іздеу әрекеттері және жүктеп алулар туралы ақпаратты пайдаланамыз. Apple дүкеніне кіргенде, бұл жазбалар IP мекенжайымен, кездейсоқ бірегей идентификатормен (қажет болғанда) және Apple аккаунтымен бірге сақталады.

Apple Arcade қолданатын деректеріңіз сенімді қорғалады. Біз ұсынатын сервистерді жақсарту үшін тек қажетті деректерді жинауға бар күшімізді саламыз. Саналы шешім қабылдауыңыз үшін, деректерді жинаған кезде оларды жинау туралы, сондай-ақ жинау себебі туралы хабардар етеміз.

Apple Arcade жұмысын қамтамасыз ету

Apple компаниясы сервистер мен Apple Arcade функцияларын қамтамасыз ету үшін жеке деректеріңізді пайдаланады. Бұл ақпарат «Реттеулер» немесе «Жүйе реттеулері» мәзірінен және App Store сатып алу тарихынан қол жеткізуге және өзгертуге болатын аккаунт пен төлем туралы ақпаратты қамтиды.

Ыңғайлы болу үшін Apple Arcade сервисі жұмысын барлық құрылғыңызда синхрондау мақсатында iCloud сервисін пайдаланады. Мысалы, iCloud арқылы Apple Arcade сервисі барлық құрылғыңыздағы ойында жеткен жетістіктеріңіздің өзектілігін сақтайды. Apple Arcade ойындарына арналған iCloud синхронизациясын кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңыздағы «Реттеулер» мәзіріне, болмаса Mac компьютеріңіздегі System Settings (Жүйе реттеулері) мәзіріне өтіңіз. Ойында «iCloud сақтық көшірмесі» функциясына қолдау көрсетілсе және «iCloud сақтық көшірмесі» функциясы қосулы болса, ойындағы жетістіктеріңіз iCloud сервисінде сақталады.

Game Center сервисіне кіргенде, Apple компаниясы ойындағы белсенділігіңіз, сондай-ақ ойын нәтижелері, жетістіктері, челлендждер мен мультиплеерлік ойын барысы туралы деректерді алады. Сонымен қатар Arcade сервисіндегі жазылымыңыздың күйі Game Center сервисінің барлық пайдаланушысына көрінеді. Game Center және құпиялылық туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына сілтемеге өтіңіз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/game-center.

Apple Arcade сервисін жақсарту және жекелендіру

Apple компаниясы апта сайын Apple аккаунтыңызбен байланыстырылған ойындар бойынша шектеулі ақпарат жинайды. Сондай-ақ біз Apple аккаунтыңызға қатысы жоқ ойын ойнау әрекетіңіз, соның ішінде Apple Arcade блиц қолданбаларындағы ойын ойнау әрекетіңіз туралы жеке басыңызға қатысы жоқ деректерді жинаймыз. Біз жиналған ақпаратты сізге және басқа пайдаланушыларға Apple Arcade сервисін және ойындарға қатысты басқа да Apple сервистерін жақсарту және оңтайландыру үшін, сондай-ақ қызығушылықтарыңызға сай контент ұсыну мақсатында Apple Arcade сервисін, App Store дүкенін және ойындарға қатысты басқа да Apple сервистерін жекелендіру үшін пайдаланамыз. Мысалы, бұрын ойнаған немесе App Store дүкенінен сатып алған ойындар негізінде сізге ұнауы мүмкін ойындар ұсынамыз. Жекелендіру мүмкіндіктерін өшіруге болады. Ол үшін App Store реттеулеріндегі Apple аккаунтыңыздың «Жекелендірілген ұсыныстар» опциясын таңдаңыз.

Apple Arcade және Apple Games

Apple Games қолданбасын пайдалансаңыз, «Apple Arcade сервисін жақсарту және жекелендіру» бөлімінде сипатталғандай, Apple Games қолданбасы Apple Arcade сервисін пайдалану әдісіңіз туралы ақпаратты Apple Games қолданысын жекелендіру, Apple Arcade және Apple Games қолданбаларын оңтайландыру және жақсарту, сондай-ақ сізге хабарландырулар жіберу үшін пайдаланады. Apple Games қолданбасы туралы қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/kz/apple-games веб-бетіне өтіңіз.

Кері байланыс

Apple компаниясы сізге ұнауы мүмкін Apple Arcade және басқа Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары, сондай-ақ Apple One жөнінде ақпарат жіберу үшін Apple өнімдеріңіз бен сіз жазылған Apple сервистері сияқты аккаунтыңыз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Құрылғының сериялық нөмірі сізге сәйкес сервистік ұсыныстарды беру үшін пайдаланылуы мүмкін. «Отбасылық қол жеткізу» функциясын пайдалансаңыз, Apple компаниясы «Отбасылық қол жеткізу» аясында өнімдер, сервистер және ұсыныстар туралы ақпарат жіберуі мүмкін. Apple One жазылымын алсаңыз, сіз жазылған сервистерде қолжетімді функциялар туралы эл. хаттар мен хабарландырулар жіберуіміз мүмкін. Сондай-ақ Apple компаниясы App Store дүкені мен Arcade сервисінде қолжетімді жаңа функциялар, контент пен ұсыныстар жөнінде эл. хаттар мен хабарландырулар жіберу үшін App Store дүкені мен Arcade сервисіндегі белсенділігіңіз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Эл. пошта параметрлерін өзгерту және осы эл. хаттарды алудан бас тарту үшін мына сайтқа өтіңіз: account.apple.com. iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда хабарландыру параметрлерін жаңарту үшін «Реттеулер» > «Хабарландырулар» > «App Store» тармағына өтіңіз. Apple компаниясы сервистерімізді жақсарту үшін байланыстарымызбен, соның ішінде хабарландырулармен өзара әрекеттесуіңіз туралы ақпаратты пайдаланады.

Үшінші тараптармен бөлісу

Apple Arcade контентін әзірлеушілер ойыншылардың өз ойындарына қызығушылығын бағалап, арттыруы үшін, оларға ойындағы белсенділігіңіз туралы жеке басыңызға қатысы жоқ жиынтық деректерді ұсынамыз.

Мобильді желі провайдері Apple Arcade жазылымдарын және тегін сынақ нұсқаларын ұсынса, Apple мобильді желі провайдері арқылы Apple Arcade жазылымы бар-жоғын анықтау үшін телефон нөміріңізді тексеруі мүмкін. Мобильді желі провайдері немесе басқа Apple серіктесі арқылы алсаңыз, Apple компаниясы телефон нөміріңізді немесе серіктес бөліскен бірегей аккаунт идентификаторын аккаунтыңызды растау және мобильді желі провайдеріне немесе басқа серіктеске жазылымды белсендіргеніңізді хабарлау үшін пайдаланады. Жазылымыңызбен байланыстырылған телефон нөмірін немесе бірегей идентификаторды жүйеге кіру кезінде аккаунтыңызды растау және Apple Arcade жазылымыңызды аккаунтыңызбен байланыстыру үшін пайдаланамыз.

Деректерді үшінші тараптық контент әзірлеушілері арқылы жинау

Apple Arcade ойындарын әзірлеушілер жеке деректеріңізді жинау үшін рұқсатыңызды алуы тиіс. Контент әзірлеушілер жеке деректеріңізді келісіміңізді алған кезде көрсеткен мақсаттарда ғана пайдалана алады. Apple Arcade контент әзірлеушілері деректеріңізді қалай жинайтынын және пайдаланатынын түсіну үшін шарттарын, құпиялылық саясаттары мен тәжірибелерін қарап шығуды ұсынамыз.

Жарнама

«Жеке жарнамалар» реттеуі қосулы болса, Apple компаниясының жарнама платформасы сіз туралы ақпаратты сізге сәйкес келетін жарнамалар көрсету үшін пайдалануы мүмкін. App Store, Apple News және «Акциялар» қолданбасында тиісті жарнамалар көрсету үшін қандай Apple Arcade қолданбаларын жүктеп алатыныңыз туралы ақпарат пайдаланылуы мүмкін. Apple жарнама платформасынан қызығушылықтарыңызға негізделген жарнамалар алғыңыз келмесе, «Жеке жарнамалар» параметрін өшіруге болады. «Жеке жарнамалар» параметрін өшірсеңіз, Apple компаниясы ақпаратыңызды таргеттелген жарнама үшін пайдалана алмайды. Бұдан көрсетілетін жарнамалар саны азаймайды, бірақ сізге қатыссыз жарнамалар көрсетілуі мүмкін.

Apple компаниясының жарнамасы мен құпиялылығы туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына мекенжай бойынша өтіңіз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/apple-advertising.

App Store, Apple News және «Акциялар» қолданбасындағы дербес жарнамалардан бас тарту әдісі туралы мына сілтемеден біліңіз: support.apple.com/105131.

Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз

Біз Apple Arcade сервисінде жеке деректеріңізді әдетте Apple компаниясымен келісімшартты орындау, қызмет көрсету үшін қажет болған жағдайда және заңды міндеттемелерімізді орындау үшін өңдейміз. Келісім тиісті заңды негізге сүйенсе, біз оны қолданыстағы жергілікті заңға сәйкес іздейміз.

Қолданыстағы жергілікті заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз немесе үшінші тараптың мүдделері үшін қажетті жеке деректердің келесі санаттарын өңдейміз, соның ішінде:

  • Apple Arcade сервисін пайдалану тәсіліңіз
  • Аккаунтыңыз, мысалы, Apple сервистеріне жазылымдар, сатып алулар, жүктеп алулар және «Отбасылық қол жеткізу» тобында бар-жоғыңыз
  • Сіз апта сайын ойнайтын ойындар

Бұл заңды мүдделерге мыналар жатады:

  • Сізге және басқаларға арналған сервисті және басқа Apple ойынына қатысты сервистерді оңтайландыру және жақсарту
  • Талғамыңызға сәйкес контентті табуға көмектесу
  • Сізге Apple Arcade және сізді қызықтыруы мүмкін басқа да қатысты Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары (соның ішінде Apple One) туралы хабарламалар жіберу
  • Контент әзірлеушілеріне есеп беру
  • Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Деректерді сақтау

Транзакциялармен, жүктеп алулармен және Apple Arcade сервисіндегі ойын ойнау әрекетіңізбен байланысты жеке деректерді белгілі бір уақыт ішінде сақтаймыз. Сақтау мерзімі ұйымдық талаптарға, шарттық міндеттемелерге немесе заңнама ережесіне байланысты болады. Жазылымды сатып алу тарихы сияқты (сақталған карта мәліметтерінен басқа) деректер тіпті аккаунтыңызды жапқаннан кейін немесе Apple Arcade жазылымынан бас тартқаннан кейін де бухгалтерлік жазбаларда сақталуы мүмкін. Қытай секілді аймақтарда бұл мерзім 30 жыл құрауы мүмкін.

Отбасылық қол жеткізу

Apple Arcade сервисіне жазылсаңыз, ол басқа отбасы мүшелеріңізге қолжетімді болады. «Контент және құпиялылық шектеулері» бөліміндегі «Экран уақыты» функциясын пайдалана отырып, белгілі бір қолданбаларда өткізетін уақытты шектеуге және балаңыздың құрылғысындағы кейбір функцияларды бұғаттауға болады. Сондай-ақ iPhone, iPad, iPod touch немесе Apple Vision Pro құрылғысында цензураланбаған контентті, сатып алулар мен жүктеп алулар және құпиялылық үшін реттеулерді шектеуге болады. Отбасы мүшелеріңізбен Apple Arcade жазылымын бөліскіңіз келмесе, «Ортақ сатып алу» опциясын өшіріңіз. iOS немесе iPadOS құрылғыңызда «Реттеулер» > [атыңыз] > «Отбасылық қол жеткізу» > «Сатып алуды бөлісу» тармағына өтіңіз. Mac компьютерінде System Settings (Жүйе реттеулері) > [атыңыз] > Family Sharing (Отбасылық қол жеткізу) > Purchase Sharing (Ортақ сатып алу) тармағына өтіңіз.

Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Apple Arcade сервисінде және басқа да Apple қолданбалары мен сервистерінде алаяқтық пен басқа зиянды әрекеттердің алдын алу үшін біз жеке деректерді жинаймыз. Бұл ақпаратқа құрылғы туралы ақпарат, оның ішінде құрылғы түрі және бағдарламалық жасақтама нұсқасы, геолокация туралы ақпарат (интернет қосылымының IP мекенжайын географиялық аймаққа сәйкестендіру арқылы жуықталды, қолжетімді болса), жүктеп алу және сатып алу тарихы, іздеулер, сондай-ақ Apple Arcade сервисіндегі және басқа қолданбалар мен сервистердегі өзге әрекеттер кіреді.

Сондай-ақ жазылу үшін құрылғыны қалай пайдаланатыныңыз туралы ақпаратты, оның ішінде кіріс және шығыс телефон қоңырауларының немесе эл. хаттардың болжалды санын пайдалана отырып, құрылғыңыздағы құрылғының сенімділік индексін есептеуіміз мүмкін. Индексті жіберген кезде, Apple компаниясына осы индексті есептеуге негіз болған мәндер берілмейді. Сенімділік индексі серверлерімізде белгілі бір уақыт ішінде сақталады.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді.

2025-12-12